Павлодар облысында аң аулауға тыйым салынады

Павлодар облысында аң аулауға тыйым салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Заңға бағынбағандар жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәлімдеуінше, резерват аумағында аң аулаудың барлық түріне тыйым салынады. Бұл бұзушылық үшін табиғатқа орны толмас зиян келтіріп, жануарларды заңсыз аулаған азаматтарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.

Қылмыс үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысудан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығын шектеу мөлшерінде айыппұл салу көзделеді, – делінген хабарламада.

Әкімшілік жауапкершілік жеке тұлғаларға – жетпіс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не әкімшілік құқық бұзушылық заттары және (немесе) құралдары тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге аң аулау құқығынан айыруға әкеп соғады.

Бұланның бір дарасына келтірілген залал – 500 АЕК(1 846 000 теңге); елік – 250 АЕК(923 000 теңге); борсық – 10 АЕК(36 920 теңге); түлкі, қоян, қаз, қарақұйрық, үйрек, таз – 5 АЕК(18 460 теңге). 1 АЕК 3692 теңгені құрайды.

Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жануарлар дүниесі объектілерін заңсыз алып қойғаны үшін залал 3-коэффициентке көбейтіледі. Мысалы, 2024 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз өндірілген бұғы үшін келтірілген залал 2 769 000 теңгені құрайды. Табиғатты қорғау заңнамасының ережелерін сақтаңыз! – деп толықтырды резерватта. 

Егер заңнаманы бұзу фактілері белгілі болса, белсенді азаматтық ұстанымды көрсетуді, осы фактілер туралы резерват 8(7182)78-77-32 орман күзетіне немесе 102 нөміріне хабарлауды сұрайды.