Павлодарлықтар ақын Арман Қаниды еске алады

Павлодарлықтар ақын Арман Қаниды еске алады
Фото: Музейден

Ақынның атасы Қани – Арқаның күрескер ақыны Мәдимен ағайын болса, әжесі Кәсіп – үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның қызы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын, журналист Арман Қанидың рухына арналған  «Арқаға аты мәлім Арман ақын» атты әдеби сазды кеш ұйымдастыруда. 

Қаламгердің туған күніне орай өтетін шара 19 ақпан күні сағат 11:00-де өтеді деп жоспарлануда. 

- Қаламгер бар ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнап, қазақ поэзиясына толағай үлесін қосты. «Ар алдында», «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды тұман», «Сен және мен», «Үйлесім», «Баянауыл жырлары», «Қарашығымдағы бейнелер», «Кереку жырлары», «Туған жер төсінде», «Замандастар» кітаптарының авторы, - дейді ұйымдастырушылар. 

2005 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, 2012-2020 жылдары Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры қызметін атқарды.

Ұзақ жылдар жергілікті ақпарат құралдарында еңбек етті, облыстық «Ертіс дидары» газетінің редакторы болды.

Әдеби сазды кешке ақынның туыстары мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысады. Іс-шарада әндер шырқалып, қаламгердің өлеңдері оқылады. Сондай-ақ Арман Қани атында оқушылар арасында ұйымдастырылған «Жас толқын» атты мәнерлеп оқу байқауының жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өткізіледі.