Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдарды су басты
Су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте 70 мың текше метрден астам еріген су сорылып, 1400 текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ, 1910 қап инертті материал төселіп, 645 тонна инертті материал себілді. Тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
– 30 наурыздың сағат 08:00-дегі жағдайы бойынша облыстағы автокөлік жолдарының 15 учаскесін су басты. Оның ішінде 2 республикалық маңызы бар автожол: Павлодар – Успен және Атамекен– Ертіс – Русская Поляна, – деді департаментте.
Облыстық маңызы бар тас жолының үш учаскесін де су басты. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданының 88 шақырымында, Успен ауданының Чернорецк – Ольгино – Успен автожолы, Павлодар ауданының Шақат – Восточное учаскелері. Бұдан бөлек 10 аудандық маңызы бар жолда да су тасқыны бар.
Ал елді мекендердегі су тасқынына қарсы 9 учаскесі бақылауда тұр. Атап айтқанда, Павлодар, Ақсу қалалары, Павлодар, Ақтоғай, Май, Аққулы, Успен, Ертіс аудандарында су басу қаупін азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Облыста су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 277 адам, 111 техника, 34 мотопомпалар, 2 жүзу құралдары жұмылдырылды.
ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге тәулік бойы, оның ішінде дрондардың көмегімен мониторинг жүргізіп жатыр.