Павлодар ғалымдары өз таңдауын жасады

Павлодар ғалымдары өз таңдауын жасады
Фото ғалымдардың жеке мұрағатынан

Олардың белсенділігі жастарға үлгі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Торайғыров университетінің профессор-оқытушылар құрамы бір адамдай сайлау учаскелеріне келіп, елдің болашағы үшін дауыс берді.

Ғалымдар ұлттық киіммен келіп, осылайша, тарихи сәттің маңызын айқындады. Университет ректоры Нұрлан Медетов референдум ең алдымен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.

- Әр азамат өз елінің қоғамдық өміріне бейжай қарамай, маңызды шешімдер қабылданатын сәттерде өз пікірін білдіруі керек деп ойлаймын. Референдум – қоғамның әр мүшесіне өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды демократиялық тетік. Осындай кезеңдерде азаматтардың белсенділігі елдің болашағына деген жауапкершілікті көрсетеді, – деді Нұрлан Медетов.

Филология ғылымдарының кандидаты, университет профессоры Айман Зейнулина да өз ойымен бөлісті:

- Мен еліміздің және болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін дауыс бердім. Менің таңдауым – әділетті, мықты мемлекет пен біртұтас халық.

Саяси ғылымдар докторы, профессор Арман Ақышевтың пікірінше, республикалық референдум мемлекетіміздің саяси дамуының шешуші кезеңдерінің бірі болмақ.

- Референдум кезінде әр азамат еліміздің келешек даму жолдарын анықтау үрдісінде өз мүмкіндігін, конституциялық құқығын пайдалана біледі және іске асырады. Конституциялық реформа «Адал Қазақстанды» қалыптастыру жолында негізгі шешім, тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты дамуының құқықтық іргетасы болып табылады, – деді профессор.

Белсенділік танытқан студенттік қауым да назардан тыс қалмады. Жастар таңертеңнен бастап учаскелерге келіп, өз дауыстары мен ұстанымдарының маңызды екенін көрсетті.