Павлодардағы №47 мектеп биыл алғашқы бірінші сынып оқушыларын қабылдайды

Павлодардағы №47 мектеп биыл алғашқы бірінші сынып оқушыларын қабылдайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Келешек мектептері» республикалық жобасы аясында салынған білім ордасы қаңтар айынан бері жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алдағы оқу жылы Павлодар қаласындағы №47 жалпы орта білім беру мектебі үшін ерекше кезең болмақ. Өткен оқу жылында мектепке өзге білім беру ұйымдарынан оқушылар қабылданса, биыл мұнда алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер білім алуды бастайды.

Жаңа оқу жылында мектептің бірінші сыныбына 102 бала қабылданған. Әр сыныпта шамамен 25-26 оқушыдан білім алады.

– Жаңа оқу жылында мектепте бірінші сыныпқа төрт сынып жасақталады. Жоспар бойынша мектепке 100 баланы қабылдау көзделген еді. Алайда биыл қабылданған оқушылардың саны жоспардан асып отыр, – дейді №47 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Ләйла Жүсіпова.

Мектеп басшысының айтуынша, оқу процесі стандарт талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Сонымен бірге, балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін қосымша білім беру бағыттары да қарастырылған.

– Биыл бірінші сынып оқушылары үшін би, вокал, «Шебер қолдар» және шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Мектеп заманауи материалдық-техникалық базаға ие және пән мұғалімдерімен толық қамтылған, – деді Ләйла Жүсіпова.

Мемлекеттік тілде білім беретін мектеп 600 орынға есептелген. Білім ордасында кең әрі жарық сыныптар, заманауи оқу жабдықтары, спорт залдары мен спорт кешендері бар. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына, спортпен айналысып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына жағдай жасайды.

Айта кетерлігі, №47 мектептің құрылысы «Келешек мектептері» республикалық жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаны іске асыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлініп, Павлодар қаласындағы мектеп құрылысына 3,8 миллиард теңге жұмсалған.

Еске сала кетейік, жаңа оқу жылы еліміздің білім беру жүйесіне бірқатар өзгеріс әкеледі. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, мектептерде «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізіледі. Сонымен қатар, келесі оқу жылынан бастап 8–9-сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәнін қайта оқыту жоспарланып отыр.