Павлодардағы Катаев көшесі жаңа технологиямен жөнделуде
Облыс орталығында жол жөндеумен қатар құдықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Катаев көшесіндегі жөндеу барысын тексерді.
— Бүгін қаланы аралау барысында Катаев көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексердім. Қазір біз Катаев және Толстой көшелерінің қиылысында тұрмыз. Катаев көшесінің Амангелді көшесінен Толстой көшесіне дейінгі бөлігінде асфальт жабынын ауыстыру жұмыстары толық аяқталды. Бұл жерде біз жаңа технологияны – қиыршықтас-мастикалық асфальтбетонды қолданып жатырмыз, - деді қала әкімі.
Сонымен қатар, Катаев көшесінің Малайсары батыр көшесіне дейінгі бөлігінде дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.
— Бұған дейін бұл көшеде жұмыстарды жосықсыз мердігер орындаған болатын. Сол себепті тұрғындардан Катаев көшесінің сапасыз жағдайына қатысты көптеген шағымдар түсті. Демалыс күндері біз Ш.Шөкин мен Радищев көшесіндегі жөндеу жұмыстарын аяқтадық, - дейді қала әкімі.
Хасар Хабылбеков өзіне тұрғындардан асфальт төселіп жатқан көшелердің кейбір жерінде шағын ойықтардың қалуына қатысты сұрақтар жиі түсетінін атап өтті. Әрі бұл ойықтар алдағы уақытта құдықтардың нақты орнын анықтап, оларды көтеру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы қалдырылғанын жеткізді.
Қазіргі таңда жоспарланған 23 көшенің 19-ында жұмыстар аяқталуға жақын. Сонымен қатар, құдықтарды көтеру және қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты күшейтіп, барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет.