Аптап ыстық күндері Павлодар облысындағы жолдар ерекше бақылауда болды

Аптап ыстық күндері Павлодар облысындағы жолдар ерекше бақылауда болды
Фото: Константин Шелков

Мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты Павлодар облысының аумағындағы Павлодар–Астана тасжолында цемент-бетон жабынының жағдайына бақылау жүргізілді.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалының директоры Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, осылайша сегіз қауіпті учаске алдын ала анықталып, ақаулар жойылған.

– Температура жоғарылаған кезде цемент-бетон жабынында плиталардың майысу және көтерілу қаупінің белгілері пайда болады. Сондықтан ыстық күндері жолды әр екі сағат сайын патрульдедік. Осындай белгілер анықталған кезде учаскеге жедел түрде бригада шығып, ақауларды жойды. Қауіпті жерлерге полиция қызметкерлерімен бірлесіп жол белгілері қойылып, қоршау жасалды. Биыл осындай сегіз жағдай алдын ала анықталып, жол-көлік оқиғаларына жол берілген жоқ, – деді Ермұрат Нұрханов.

Автомобиль жолдарын күн сайын патрульдеу жолдың жүру бөлігіндегі, жабындысындағы, жол жиектеріндегі ақауларды, жол белгілері мен қозғалысты ұйымдастырудың басқа да элементтеріндегі кемшіліктерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.