Екібастұзда саяжайларға су тартатын магистральдық желілер жаңартылады
Барлық саяжай алабын бірден қамту мүмкін болмағандықтан, жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен саяжай алаптарының магистральдық су құбыры желілерін жаңғырту жоспары әзірлене бастады.
Қала басшысы саяжай кооперативтерінің төрағаларымен кездесіп, қазіргі инфрақұрылымның жағдайы мен алдағы жұмыстарды талқылады.
– Желілер тозған және қомақты қаражатты қажет етеді. Саяжай тұрғындарына бұл мәселені өз күшімен шешу қиын. Барлық алапты бір-екі жылда қамту мүмкін емес, сондықтан негізгі магистральдық желілерді кезең-кезеңімен жаңартудың орта мерзімді жоспарын әзірлейміз, – деді Аян Бейсекин.
Жоспар аясында қай саяжай алабындағы жұмыстардың бірінші кезекте жүргізілетіні кооператив төрағаларымен бірге анықталады.
Бұл ретте магистральдік және ішкі желілерді жаңарту бөлек жүргізіледі. Қала негізгі магистральдік су құбырларын жаңғыртуды жоспарласа, кооператив аумағындағы тарату желілерін саяжай тұрғындары өздері жөндейді.
Әкім саяжайлардың қала тұрғындары үшін әлеуметтік және шаруашылық маңызы барын да атап өтті. Мұнда отбасылар көкөніс, жеміс-жидек өсіріп, қысқа қор жинайды. Бұл отбасылық шығынды азайтып, қаланы жергілікті маусымдық өніммен қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
– Саяжай отбасына өнім берсе, жас ұрпаққа еңбекті құрметтеуді үйретеді, – деді қала әкімі.
Магистральдық желілерді жаңарту жұмыстарының нақты мерзімі мен бірінші кезеңге кіретін саяжай алаптарының тізімі әзірге жарияланған жоқ.