Павлодардағы медресеге жаңа оқу корпусы салынады

Павлодардағы медресеге жаңа оқу корпусы салынады

Құрылысты жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлының мәлімдеуінше, Павлодар облысына қарасты қала, аудан имамдарының қатысуымен Павлодар ауылында орналасқан «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің жаңа оқу  корпусының тағанын тарту рәсімі жасалып, құрмалдық шалынды, бата берілді.

–  Медресе – діни ағартушылық ордасы. Кешегі қазақ зиялыларының барлығы дерлік медреседен тәлім алды. Сондықтан медресенің тұтас халықтық идеологияны қалыптастыруда өзіндік салмағы болды, –  деді жиында Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.

Аталмыш құрылыс нысанын алдағы 2023-2024 оқу жылы басталар бұрын салып бітіріп, іске қосуды, барлық жағынан қамтамасыз етіп, толық аяқтау  міндетін өңірлік кәсіпкер азамат өз қолына алған.

–  Бұл оқу орнының оқыту бағдарламасы  ханафи-матуриди медреселер жүйесіне негізделген. Сонымен қатар, қазақтың танымал дін ғалымдары мен ойшылдарының да еңбектері арнайы пән ретінде оқытылады. Қазіргі заманауи медреселер дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығының жоғарғы үлгісіне айналып отыр. Медресе тек қана бастапқы сауаттандырумен ғана шектелмейді, –  дейді Жолдас Қоспақұлы.

Сондай-ақ бас имам медреселердің басты қызметі - қазақ халқының діни сауатын ашып, қасиетті Құран құндылықтары мен сүннет сырларын үйретумен бірге, жас ұрпақтың ұлттық нақышты салт-дәстүрімізді де тереңірек танып-білуіне бағытталғанын атап өтті.