Павлодарда пәтер ұрлығы азайды

Павлодарда пәтер ұрлығы азайды
Фото: Константин Шелков

Дегенмен қауіп әлі де сақталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында пәтер ұрлығының саны төмендегенімен, құқық қорғау органдары тұрғындарды сақтық шараларын ұмытпауға шақырады. Әсіресе, жаз мезгілінде баспаналарды қараусыз қалдыру жағдайлары жиілейтіндіктен, ұрлық қаупі әлі де өзекті болып отыр.

Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Владислав Ермолаевтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 23 пәтер ұрлығы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға аз көрсеткіш.

Жазғы демалыс маусымы полиция үшін алаңдаушылық туғызады. Өйткені, көптеген тұрғындар еңбек демалысына шығып, бірнеше күнге немесе аптаға үйлерін бос қалдырады. Мұндай жағдайларды қылмыскерлер өз пайдасына пайдалануға тырысады, – дейді Владислав Ермолаев.

Полиция қызметкерінің мәліметінше, пәтер ұрылары көбіне пластик терезелерді сығып ашу, есік құлыптарын бұзу немесе кілт таңдау тәсілдерін қолданады. Соңғы жылдары ең жиі кездесетін әдістердің бірі – терезе арқылы тұрғын үйге заңсыз кіру.

Өткен жылы өңірде тіркелген 77 пәтер ұрлығының 57-сі ашылған. Бұл шамамен 75 пайыздық ашылу көрсеткішін құрайды. Құқық қорғау органдарының пікірінше, мұндай қылмыстардың алдын алуда тұрғындардың қырағылығы мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауы маңызды рөл атқарады, – дейді полиция өкілі.

Мамандар тұрғындарға сапарға шығар алдында барлық есік пен терезенің мұқият жабылғанын тексеруге кеңес береді. Ұзақ уақытқа кететін жағдайда пәтер есігін екі құлыппен жабу, сапалы қорғаныс жүйелерін орнату және мүмкіндігінше көршілерден баспананы бақылап тұруды сұрау ұсынылады.