Павлодардағы «Novotel» қонақүйінің құрылысы халықаралық рейстерге жол ашады

Павлодардағы «Novotel» қонақүйінің құрылысы халықаралық рейстерге жол ашады
Фото: Амира Жартекей

Шаһарда халықаралық стандарттағы қонақүйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жоба өңірдің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға бағытталған және халықаралық қонақүй операторының басқаруына берілмек.

Жобаның үйлестірушісі Инна Равчеваның айтуынша, нысан халықаралық бренд талаптарына сәйкес бой көтеруде.

– Объект халықаралық қонақүй операторының басқаруына берілу үшін салынуда. Бренд талаптары жоғары деңгейдегі стандарттаумен, өрт және санитарлық қауіпсіздікке, экология мен энергия үнемдеуге ерекше көңіл бөлуді көздейді. Егер халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары арасында айырмашылық туындаса, біз қатаңырақ талаптарды қолданамыз. Қонақүй төрт жұлдыз санатына сай болады. Мұнда 120 түрлі форматтағы нөмір, конференц-аймақ, мейрамхана, SPA және фитнес орталығы қарастырылған. Нысан 24/7 режимінде жұмыс істейді, бұл әртүрлі уақыт белдеулерінен келетін бизнес-саяхатшылар үшін өте маңызды, – деді жоба үйлестірушісі.

Оның сөзінше, құрылыс бірнеше кезеңнен тұрады. 2026 жылдың маусым айында ғимарат қаңқасын аяқтау жоспарланған. Ал тамыз айында толық жабдықталған пилоттық нөмір таныстырылады. Бұл кезеңде іргелес нөмірлердің алдын ала әрлеу жұмыстары да жүргізіледі. Жұмыс сапасы акустикалық өлшеулермен, өрт қауіпсіздігі және энергия үнемдеу сынақтарымен тексеріледі.

Нысан пайдалануға берілер алдында мемлекеттік қабылдау актісінен бөлек, халықаралық экологиялық сертификаттаудан өтеді. Атап айтқанда, BREEAM және Green Globe стандарттарына сәйкестігі расталмақ. Сонымен қатар халықаралық өрт қауіпсіздігі сарапшысының оң қорытындысы алынуы тиіс. Қонақүйді ашу 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.

Құрылыс барысында қосымша геологиялық зерттеулер жүргізілген. Топырақ ерекшеліктеріне байланысты іргетас жобасы қайта тексеріліп, барлық сараптамалардан өткен. Жерасты автотұраққа қатысты алаңдаушылықтар да сейілген. Мамандардың айтуынша, су бұру жүйесі толық шешімін тапқан, топырақ сапасы талапқа сай. Жерасты автотұрақ 27 орынға есептелген, ал сыртқы автотұрақта 50 көлікке орын қарастырылған.

Қазіргі таңда нысанда ауысыммен 18 адам еңбек етуде, жалпы жобаға 50-ден астам маман тартылған. Қонақүй іске қосылғаннан кейін шамамен 150 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қала желілерімен бірлесіп сумен жабдықтау жүйесіне реконструкция жүргізілген, кәріз жүйесінде мәселе жоқ. Қонақүй маңы аумағы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары қолға алынбақ.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

– Біз бұл жобаға әуел бастан қызығушылық таныттық. Себебі соңғы он жылдан астам уақыт ішінде Павлодарда ірі туристік немесе іскерлік нысандар салынған жоқ. Ал бұл – халықаралық аккредитациясы бар қонақүй желісінің алғашқы жобасы. Мұндай нысанның болуы әуе қатынасын дамытуға да мүмкіндік береді. Көптеген халықаралық әуе компаниялары экипаждарын тек сертификатталған желілік қонақүйлерде орналастырады. Бұл – корпоративтік стандарт талабы. Сондықтан осындай инфрақұрылымсыз халықаралық рейстерді ашу қиын, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысының айтуынша, қалада іскерлік шаралар өткізуге арналған заманауи алаңдар мен SPA, фитнес инфрақұрылымына да сұраныс жоғары. Жаңа қонақүй бұл олқылықтың орнын толтыруға ықпал етпек.

Жоба компанияның облигациялар шығару арқылы тартылған қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жер телімі рәсімделген, барлық рұқсат құжаттары алынған.