Павлодарда жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін электр желілері ауыстырылуда
Қаланың батыс бөлігінде әуе желілерін кабельдік желіге ауыстыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Бұл туралы «ПРЭК» АҚ қалалық электр желілері кәсіпорнының бас инженері Владимир Медведев мәлім етті.
– «Батыс қалалық» 110/10кВ қосалқы станциясынан №110 фидердің 10кВ әуе желісін қайта құрылымдау іске асырылуда. Бұл шара тұрғындар арасында жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қабылданып отыр. ВЛ-10 кВ әуе желісін қайта құрылымдау Радиозауыт ауданы тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, апаттық ажыратулар санын төмендетуге әкеледі, осылайша әуе желісін ағымдағы және күрделі жөндеуге жұмсалатын шығындар азаяды, – дейді Владимир Медведев.
Оның айтуынша, әуе желісінің өткізгіштік қабілеті төмен болғандықтан, жаңа тұтынушыларды қосу және жүктемені жоғарылату мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан кабельдік желіге максималды ауыстырумен 10 кВ әуе желілерін қайта құрылымдау шешімі қабылданған.
Қазіргі таңда тоғыз адам және үш бірлік техника монтаждық жұмыстармен айналысып жатыр.
Фото: Константин Шелков