Павлодар облысының әкімі тікелей эфирде тұрғындардың сұрағына жауап берді

Павлодар облысының әкімі тікелей эфирде тұрғындардың сұрағына жауап берді

Асайын Байханов Instagram желісіндегі парақшасында павлодарлықтардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тікелей эфирде Асайын Байхановтан Павлодар қаласындағы жолдарды қашан және қаншалықты көлемде жөндейтінін сұрады.

Облыс әкімінің айтуынша, жолдарды жөндеу ауа райы қолайлы болған кезде басталады, бірақ MAC-асфальт төсеудің жаңа технологиясы бойынша жолдағы шұңқырларды жамау жұмыстары қазірдің өзінде жүріп жатыр.

– Қанағаттанарлықсыз жағдайда жолдар бар екені анық, биыл 11 көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта нақты қай жерде жұмыс жасалатыны туралы толық ақпарат беремін. Тізімге Гагарин, Теплов көшелері енгізілмек, жалпы жөндеу жұмыстары жолдың жағдайы нашар көшелерде жүргізіледі, - деді аймақ басшысы.

Ол өткен жылы облыс орталығындағы 14 учаскеде асфальт жаңартылғанын еске салды. Оның ішінде Естай, Нұрмағамбетов, Шөкин көшелері бар.

– Бір ғана проблемалық көше болды, ол – Катаев көшесі. Онда жөндеу сапасына көңіліміз толмады. Бұл жөнінде сараптама бар. Бірақ мердігер келіспейді. Қазір бұл мәселе бойынша сот процесі жүріп жатыр, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Асайын Байханов қалада тротуарларды жақсарту бойынша үш жылдық бағдарлама әзірленгенін атап өтті.

- Осы уақыт ішінде біз бұл бағыттағы жұмысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 90 шақырым, ал биылғы жылы 30 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселеді, - деді облыс әкімі.

Асайын Байханов бір сағаттан астам уақыт бойы желі қолданушыларымен тікелей эфирде сөйлесіп, осы уақыт ішінде 40-қа жуық сұраққа жауап берді. Олардың қатарында Екібастұз қаласының жылу жүйелерін жөндеу, Павлодардағы Зеленстрой шағын ауданында кәрізді жөндеу, қоғамдық көліктердің жұмысы туралы көптеген өзекті мәселелер болды. Жеке сұрақтар да болды, пікір жазушылар әкімнен демалыс күнінде оның киім үлгісі туралы да сұрады.

Облыс әкімі бәріне мүмкіндігінше егжей-тегжейлі жауап беруге тырысты. Асайын Байханов желі қолданушыларынан пікір жазу кезінде дау тудырмай нақты сұрақтар қоюды өтінді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Асайын Байхан (@asaiyn.baikhan)

Фото: ашық дереккөздерден