Павлодарда құтқарушылар қарт ата-аналардың үйін тексеруге шақырды
Мамандар жылыту маусымында өрт пен көміртек тотығынан уланудың алдын алу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясына қосылды. Бастама тұрғындарды егде жастағы жақындарының қауіпсіздігіне назар аударуға шақырады.
Құтқарушылар жылыту маусымында пештер мен жылыту жүйелерінің жағдайын бақылауға кеңес береді. Әсіресе мұржалардың тазалығы мен жарамдылығын тексеру маңызды.
– Электр құрылғыларын қараусыз қалдырмау, зақымдалған сымдар мен розеткаларды пайдаланбау және үйге көміртек тотығын анықтайтын датчик орнату қажет, – деп ескертті облыстық төтенше жағдайлар департаментінде.
Мамандар қарт ата-аналары мен көмекке мұқтаж туыстарының үйлеріндегі қауіпсіздік жағдайын алдын ала тексеруге шақырды.
Акцияның мақсаты – жылыту кезеңінде тұрмыстық өрттердің алдын алу және егде жастағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.