Павлодар облысында қараусыз мал иелеріне айыппұл салынды

Мұндай немқұрайлылық жол қауіпсіздігіне және егістік алқаптарына зиян келтіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қараусыз жүрген мал – жай ғана мәселе емес, жолдардағы қауіпсіздікке төнген нақты қатер. Мал жаю ережелерінің сақталмауы көбінесе жол-көлік оқиғаларына әкеліп, адамдардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіреді, жерді бүлдіріп, дау-дамай туғызады.
– Қараусыз малдың пайда болуы көбіне иелерінің өз малдарына қарамауынан туындайды. Кейбір азаматтар малды еркін жайылымға шығарып, өз бетімен үйге оралады деп сеніп, бақылаусыз қалдырады. Бұл тек малдың өзіне ғана емес, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады, – делінген хабарламада.
Мысалы, «Атамекен-Курчатов» автожолында полицейлер қараусыз жүрген ірі қара малды анықтады. Тағы бір жағдайда «Омбы–Майқапшағай» автожолында, Қызылтаң ауылы маңында, жол бойында қараусыз жайылып жүрген 20 жылқы байқалды. Ал Павлодар ауданында тәртіп сақшылары бөтен қарақұмық егілген алқапқа кірген шопансыз қаңғыбас малды тапты.
– Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне қатысты барлық фактілер бойынша әкімшілік материалдар жасалды. Егер өзіңіздің жеке шаруашылығыңыз болса, үй жануарларыңызды бақылауда ұстаңыздар, жайылымға дұрыс ұйымдастырып шығарып, уақытылы қарсы алыңыздар, қораларды сенімді құлыптармен жабдықтаңыздар, – деді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полиция қараусыз малдың жол қауіпсіздігіне және егістікке келтіретін зиянын азайту үшін тұрғындарды мал бағу ережелерін қатаң сақтауға шақырады.