Павлодарда құтқарушылар оқушылар үшін квест ұйымдастырды

Павлодарда құтқарушылар оқушылар үшін квест ұйымдастырды
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

«Қауіпсіздік бәрінен бұрын: төтенше жағдайда дұрыс әрекет етеміз!» атты квест қауіпсіздік шараларын білуге арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Танымдық әрі пайдалы іс-шараны «Жас көшбасшылар» облыстық форумы аясында облыстық ТЖД қызметкерлері мен «М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы» КМҚК бірлесіп ұйымдастырды.

Квесттің басты мақсаты – оқушылардың төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіз мінез-құлық бойынша білімдерін тексеру болды. Ойынның ерекше форматы балаларға қауіпсіздіктің маңызды қырларын меңгеруге, күйзеліс жағдайында дұрыс әрекет етуге және айналасындағыларға көмек көрсетуге үйретті, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Интерактивті форматта өткен ойын барысында қала мектептерінің оқушылары өрт қауіпсіздігі, алғашқы көмек көрсету және судағы қауіпсіздік ережелері бойынша бекітілген бірнеше арнайы станциядан өтті.

Қатысушылар теориялық сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, күйзеліс жағдайында дұрыс шешім қабылдау және айналасындағыларға жедел көмек көрсету бойынша практикалық тапсырмаларды орындады, – деді ұйымдастырушылар.

Сонымен қатар балалар құтқарушылар мен Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлерінің мамандық ерекшеліктерімен танысып, заманауи құрал-жабдықтарды көріп, өрт қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсету және судағы қауіпсіздік ережелері бойынша білімдерін нығайтты.