Павлодар облысының балалары Ұлттық қордан түсетін ақшаны шетелде жұмсай ала ма?
18 жасқа толған азаматтар ғана нысаналы жинақтарды екі мақсатта пайдалана алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде «БЖЗҚ» АҚ ПОФ-ның директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаева мәлім етті.
– Өңірде 213 934 бала бағдарламаға қатысады, оның ішінде 10 501 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді, – деді Нұржамал Дүйсембаева.
Заңға сәйкес, нысаналы талаптарды пайдалану құқығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайда болады. Осы қаражатты пайдалану үшін бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы нысаналы жинақтарды БЖЗҚ-дан АҚШ долларымен аударылатын банктік шот ашып, уәкілетті операторларға жүгіне алады.
– Қолма-қол ақшаны шешіп алуға болмайды. Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде ол осы жинақтарды пайдаланбаса, онда жинақталған қаражат жеке зейнетақы шотына аударылады. Бағдарламаның қатысушылары нысаналы жинақтарын тек тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалана алады, – деді спикер.
Сондай-ақ, Қазақстаннан басқа елге тұрақты тұруға кеткен және сол жерде азаматтық алған балалар Ұлттық қордың қаражатын пайдалану құқығынан айырылады және олардың қаражаты Қазақстан азаматтарының басқа балаларына бөлінеді. Бала 18 жасқа дейін қайтыс болған жағдайда жинақтары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
– Қаражатты шексіз қолдануға, яғни оқуға және тұрғын үйге де бөліп жұмсауға болады, – деп нақтылады Нұржамал Дюсембаева.
Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы өзінің жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.
Айта кетейік, биыл «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы бойынша 1 қаңтардан бастап өткен жыл үшін кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді. Оларға БЖЗҚ-ға алғашқы нысаналы талаптар есептелініп, нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы нысаналы жинақтар түсті.