Павлодарда келесі аптада жылыту маусымы аяқталады
2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының аяқталу мерзімі бекітілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй қорында жылу 2023 жылдың 24 сәуірінен бастап ажыратылады.
– Жылыту маусымын аяқтау туралы шешім «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң негізінде және сыртқы ауаның тұрақты орташа оң тәуліктік температурасына байланысты қабылданды, – дейді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ хабарламасында.
Облыс орталығында жылыту маусымы 2022 жылдың 15 қыркүйегінен басталды.
27-29 сәуір аралығында сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін магистральдік және орамішілік жылу желілерінде сынақ өткізіледі. Егер сынақтар кезінде желілерде зақым анықталса, зақымдануды жою кезеңінде ыстық сумен жабдықтау тоқтатылады.
Естеріңізге сала кетейік, Екібастұзда ертең, 22 сәуірден бастап жылу беру тоқтатылады.