Павлодарда Алаштың ақыны Арман Қаниды еске алу кеші өтті
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада күрескер ақын, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері Арман Қаниды еске алуға арналған «Алаштың Арманы» атты еске алу кеші өтті.
Шараға Арман Бақтанұлының жары – Бақыт Ақамбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Амантай Жарқынбек, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Амантай Жарқынбек Арман Қанидың Алаш зиялыларының жалғасы болғанын атап өтті.
- Бүгін осы Ертіс-Баян өңірінің қасиетті топырағынан түлеп ұшқан, аса көрнекті ақын, күрескер ақын, 15 жасынан үлкен ұйымды құрып, өмірінің соңына дейін қоғамның дертімен күресті. Арман ағамыздың батырлығын, батылдығын қасында жүрген адамдар көрді. Ақын болу бір бөлек, ақын бола тұра қайраткер болу үлкен қасиет. Кезіндегі Алаш зиялылары да қаламгер, жазушы болды. Бірақ сөйте тұра қазақтың болмысын, елдігін қалыптастырып кетіп еді. Соның жалғасындай болған Арман ағамыздың орны бүгін ойсырап тұр, - деді Амантай Жарқынбек.
Сондай-ақ Амантай Жарқынбек Арман Қанидың шығармашылығын, өмір жолын насихаттау, келесі буынға жеткізу жыл өткен сайын қанатын кеңге жая беретініне сенім білдірді. Алдағы уақытта ақынның құрметіне республикалық жыр мүшәйрасы өтетінін айтты.
Шара барысында ақынның өзі оқыған Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының шәкірттері өлеңін оқып, мектептің жас ұстазы Мәрес Байрон арнау жырын паш етті.
Сонымен қатар, Павлодардағы №5512 әскери бөлімінің сарбаздары ақнның бірнеше өлеңін жатқа оқыды. Ал, Арман Қанидың жиені, 6-сынып оқушысы Алуа Бастеми ақынның жарына арнаған «Тылсым түндер» өлеңін жатқа оқып берді.
Бақыт Ақамбаева ел өр мінезді, күрескер ақын деп танитын Арман Қанидың үйде қандай адам болғаны жайлы айтып берді.
- Бүгін Арманның туған күні. Туған күнін өзі қатты тосып жүретін. Мінезі баладай еді. Үйге келгенше тосып жүріп, есіктен қарсы алатынмын. Қабағына қарап, қандай көңіл-күймен келгенін аңғаратын едім. Өзіне «басым жерге түскенше сені мәпелеймін, саған бар қызметімді жасаймын» деп айтушы едім. Рахметін білдіретін. Немерелеріне сүйікті ата болды. Бала жанды еді. Жазуға отыратын кезде тыныштықты қалайтын. 2-3 күн отырып та жазатын, - деді Бақыт Ақамбаева.
Әдеби кешке қатысқан зиялы қауым өкілдері де ақын жайлы ескірмес естеліктерімен бөлісті.
Арман Қани – 1954 жылы 22 ақпанда Павлодар қаласында дүниеге келген. Атасы Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдимен ағайын, әжесі Кәсіп – «Үш Жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның» қызы.
1969 жылы өзі оқитын №3 мектеп-интернатта ұлтшыл жасөспірімдердің «Жасұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған. Сол үшін жазалау шараларына ұшырап, комсомол қатарынан, мектептен шығарылған. Сөйтіп, білім алу құқы мен баспасөз бостандығына шектеу қойылған.
1990 жылдардың бас кезінен бері бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызмет атқарды.
«Ар алдында», «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Қарашығымдағы бейнелер», «Кереку жырлары», «Замандастар» және басқа да жинақтары жарық көрген.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Баянауыл, Май аудандарының, Павлодар қаласының Құрметті азаматы атанған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Ж.Амантайдың сайлау қорының қаражатынан төленді
Фото: Есенжол Исабек және С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана