Павлодарға аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» келді
Торайғыров университеті студенттерінен құрылған «ToU Band» тобы аға буын әріптестерінің алдында ән орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, аты аңызға айналған ансамбль әртістері университетте қонақта болды.
Студенттермен кездесу барысында белгілі өнер иелерімен еркін диалог форматында әңгімелесіп, жас өнерпаздар көкейтесті сауалдарға жауап алуға мүмкіндік алды.
– «Дос-Мұқасан» әрдайым қазақ тілінде ән шырқайтын. Сондықтан да аға буын өкілдерінің ізін басып, шығармашылығын насихаттап жүрген біздің шығармашылығымыз да жерлестердің жадында қалады деген үміттеміз, – деді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов. – Тіпті, шетелде де қазақ тілінде өнер көрсетеміз. Осылайша біз ана тілімізді танымал етеміз.
«ToU Band» студенттік тобы аға буын әріптестерінің алдында бірнеше ән орындады. Оның ішінде екі композиция «Дос-Мұқасанның» репертуарынан алынды.
Әртістер кездесу барысында ансамбльдің құрметіне ашылған мұражайда ұжымның орындауындағы фотосуреттер, сондай-ақ оның мүшелерінің музыкалық аспаптары мен концерттік костюмдері ұсынылған.
Аталмыш экспозицияға биыл 15 жыл толады.