Павлодарлық жас қаламгердің тұңғыш романы жарық көрді

Павлодарлық жас қаламгердің тұңғыш романы жарық көрді
Суретті С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұсынды

Жантас Еркінұлы бұған дейін «Сыбырлап оқы» және «Жанашыр» атты лирикалық жыр жинақтарын шығарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ақын, жазушы Жантас Еркінұлының «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрген «Жақыныңды жоғалту» романның тұсаукесері өтті.

Іс-шараға «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысы Замира Солтанова, ҚЖО Павлодар облысы филиалының директоры, жазушы Серік Елікбай, «Дарын» сыйлығының иегері Бақытбек Қадыр және ақын, КЖО мүшесі Айбек Оралхан қатысып, кітаптың лентасын қиды.

–  Былтыр басталған жобаға елімізден жиырма ақын қатысты. Мен де Қазақстанның панорамасын зерттеп, өзім аяқ баспаған тың салада шығарма жаздым, – дейді Жантас Еркінұлы.

Жазушы шығармасында шетелде дүниеге келіп, ата жұртына оралған ақын, күрексер жігітті басты кейіпкер етіп таңдап алған. Әрі оның өз қайсарлығымен дене бітіміндегі ақауды және жандүниесіндегі ауруды жеңіп шығатынын баяндаған.

–  Жантас жас болса да шығармасында адам болмысының терең иірімдерін ашып, өмір мен өлімнің, жоғалту мен үміттің арасында рухани арпалысқа толы сәтті жеткізе білді, – дейді Айбек Оралхан.

Шығарма жақын адамынан айырылғаннан кейінгі сезім мен ойларды бейнелейтін философиялық роман-ойтолғау. Автор қайғыны еңсеру жолдары туралы шынайы әрі батыл түрде сыр шерткен.

Жас қаламгер алдағы уақытта жаңа шығармалары жарық көретінін айтып, оқырмандарын қуантты.

Еркін Жантас 1999 жылы 20 сәуірде МХР, Баян-Өлке аймағында дүниеге келген.Жас ақын, талапты аудармашы.Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі. «Сыбырлап оқы» (2016 жыл), «Жанашыр» (2018 жыл) өлең жинақтарының авторы, «Рухания»т кітапқұмарлар клубының жетекшісі.