Павлодарда аты аңызға айналған спортшыны еске алды

Павлодарда аты аңызға айналған спортшыны еске алды
Фото: Константин Музалевский

Палуанның құрметіне XXVI ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы, КСРО спорт шебері Батырбек Сейсенбаевті еске алуға арналған дзюдодан жарыс демалыс күндері «Баянтау» спорт сарайында өтті. Мемориалға елдің түкпір-түкпірлерінен және Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген 400-ден астам спортшы қатысты.

- Әр салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған спортшылар «ҚР спорт шебері» атағы нормативін орындады. Павлодар құрама сапынан 78 кг салмақ дәрежесінде Әсел Манап қола жүлдегер атанды. Жеңіс тұғырына бір саты жетпей 66 келіде Дастан Қабен және +100 келі салмақ дәрежесінде Ерасыл Қайыркен жарыс жолын бесінші орынмен аяқтады, - дейді жаттықтырушы Еркебұлан Шабдан.

Қыздар арасында 48 келі салмақта бірінші орынды Маңғыстаудан Айдана Хасенқызы, 52 келіде тағы бір маңғыстаулық Меруерт Сәрсенова, 57 келіде шымкенттік Усейн Ұлдана, 63 келіде Абай облысының өкілі Зарина Сарипова, 70 келіде атыраулық Шынар Бітімбай, 78 келіде қызылордалық Шынар Абатова, 78 келіде оралдық Әсел Қазиева ұтса, ерлер арасында 60 келіде шымкенттік Ділшод Миртұрсын, 66 келіде Алматыдан Мейірбек Байзақов, 73 келіде Абай облысынан Бекасыл Бейсембаев, 81 келіде абайлық Мансұр Алшеков, 90 келіде жерлесі Қуаныш Ратаев, 100 келіге дейін жамбылдық Қазбек Рақышев, +100 келіде қарағандылық Дінасыл Тәттімбек жеңді.