Павлодарда балалар ақынының шығармашылығы бойынша сурет көрмесі өтті

Балалар көркемсурет мектебінде Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдығына арналған сурет-иллюстрациялардың көрмесі ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шеберлік сағатында жалпы орта білім беру мектептерінің оқушылары суреттер салған. Көрменің ашылу салтанатына №№19 және 7 ЖОББМ оқушылары мен ұстаздары қатысты. Балалар М. Жаманбалиновтың өлеңдерін оқыды.
Ақынның 100 жылдығына арналған шеберлік сағатын өткізіп, соңында иллюстрациялар көрмесін ұйымдастыру балалар көркемсурет мектебінің жазғы бағдарламасының бір жобасы болып табылады. Бұл жобаға қаланың барлық жалпы орта білім беру мектептерінің жазғы мектеп жанындағы лагерлерінен 1600 оқушы қатысты.
Көркемсурет мектебінің педагогтері графика және кескіндеме бойынша сабақтарда балалармен ақынның «Мода», «Дархан жер», «А дегенің Ана..», тағы басқа шығармаларын суреттеді.
– Менің ойымша, бұл жобаның балалар үшін пайдасы зор, себебі, ақын туралы көбірек біледі, оның тез жатталатын, өмір туралы бала тілімен жазылған өлеңдерін оқиды, жаттайды. Оқушылар тек жаттап қана қоймай, оны суреттейді, жақсы әсер алады, – дейді БКСМ басшысы Ляйля Мағзамова.
Оқушылар атақты жазушы, балалар ақыны Мүбәрәк Жаманбалиновтың өлеңдерін алдын ала жаттап келіп, көрменің ашылу салтанатында оқыды. Әсіресе №№ 27, 7, 6, 26, 35, М. Әуезов, Б. Момышұлы, М. Жүсіп атындағы мектептердің тәрбиенушілерінің дайындығы жоғары болды.