Павлодар облысында ата-аналардың вакцинадан бас тартуынан балалар зардап шегуде
Бүгінде Павлодар облысында 835 баланың ата-анасы вакцинадан бас тартып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
Департамент басшысы 23-29 сәуір аралығында Еуропалық иммундау апталығы өткенін атап өтті. Қазақстан 2005 жылдан бері жыл сайын Еуропалық иммундау апталығына қатысып келеді.
– Апталық аясында түрлі ауруларға қарсы вакцинадан бас тартатын ата-аналардың үйлеріне бардық. Аудан, қалаларда тұрғындармен кездестік. Олармен әңгімелесіп, вакцинацияның маңызын түсіндірдік. Ата-аналардың вакцинадан бас тартуынан балалар зардап шегіп жатады. Ата-аналар көбіне жеке сеніміне, діни көзқарасына, вакцинаға сенбеуіне, теріс ақпараттарға байланысты бас тартады, – деді Батырбек Әлиев.
Бүгінде республикада қызылша жұқтыру бойынша тұрақсыз жағдай байқалады. Қазіргі уақытта қызылшаның 272 жағдайы расталды. Павлодар облысында 1 жасар бала қызылша жұқтырып, жазылып шықты.
Батырбек Әлиевтің айтуынша, облыста екпе алмаған 3476 бала бар. Оның ішінде қызылшаға қарсы вакциналанбаған немесе ревакцинациадан өтпеген, екпе туралы мәліметтері жоқ – 2716 бала, ал иммундаудан бас тартқан 760 бала бар.
Облысымызда иммундау науқан басталғалы 2325 бала вакцина алды. Ал, апталық аясында ата-аналармен әңгіме жүргізілгеннен кейін бұрын бас тартқан 50-ге жуық балаға вакцина салынды.
Облыстың бас санитарлық дәрігері вакцинация адамды кез келген жаста инфекциядан қорғаудың ең сенімді әдісі екенін атап өтті.
– Қазақстанда салынатын барлық вакциналар ДДСҰ-мен мақұлдаған. Олардың сертификаттары бар. Біз оған сенеміз. Бұрындары әлемде «полиомиелит», «шешек» сияқты індеттер таралды. Олардың тек вакцина арқылы тоқтатты. Сондықтан бұл баланың болашағы үшін, денсаулығы үшін қажет. Ата-аналар интернеттегі кез келген сарапшыларды тыңдай бермей, ресми ақпараттарға сүйенуге шақырамыз, – деді Батырбек Әлиев.
Айта кетейік, елімізде ұлттық күнтізбе бойынша 21 инфекциялық ауруларға қарсы вакцина салынады.
Фото: ӨКҚ