Павлодарда күрделі оталарды қаржыландыру бір жарым есе өсті
Кейбір процедуралардың құны миллион теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
МӘМС бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету туралы келісімдер Павлодар қаласының №1 ауруханасымен, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана және кардиологиялық орталықпен жасалған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Павлодар филиалының басшысы Жангелді Шайымбетов айтты.
– Соңғы үш жылда жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыру үш есе өсті, – деп атап өтті спикер. – Егер 2022 жылы міндетті медициналық сақтандыру бойынша 1800 бағасы қымбат жоғары мамандандырылған ота жасалса, өткен жылы осындай отаның саны 2 685 жетті.
Ағымдағы жылдың басынан бері бір миллиард теңгеден астам қаржыға осындай 1589 хирургиялық ота жүргізілді.
– Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада жамбас және тізе буындарын ауыстыру бойынша ота жасалуда. Бір операцияның құны екі миллион теңгеден асып тұр, – деді Жангелді Шайымбетов.
Соңғы екі жылда аталған ауруханада жоғары технологиялық медициналық көмекке байланысты 24 ота жасалған. Жамбас және тізе буындарын ауыстыруды қайта қарауды шетелде білім алған жоғары мамандандырылған ортопед-травматологтар жүргізеді.
Эндоваскулярлық толық эмболизация мен бас және мойын тамырларының окклюзиясы сияқты күрделі оталар №1 қалалық ауруханада жүргізіледі.
Медициналық сақтандыруы бар павлодарлықтарға емханалық қызмет тегін көрсетілуде.
Жоспарлы отаға кезек күту он күннен аспауы керек.