«Ауырмайды жүрек»: кішкентай павлодарлықтардың денсаулығына не әсер етеді

«Ауырмайды жүрек»: кішкентай павлодарлықтардың денсаулығына не әсер етеді
Фото: автор

Бұл сұраққа кәсіби мамандар жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық перинаталдық орталықтың неонатологиялық патология бөлімшесінің дәрігер-неонатологы Надежда Гаенконың айтуынша, соңғы жылдары туа біткен жүрек ақауы анықталған жағдайлардың көбею үрдісі байқалады. Ол мұны патологияларды ерте анықтаудың жақсаруымен, қоршаған орта факторларымен және жүктілікті дұрыс жоспарлаудың болмауымен байланыстырады.

- Туа біткен жүрек ақауы – бұл жүрек пен үлкен тамырлардың құрылымындағы ауытқу. Ол көбінесе эмбриональды даму кезінде дамиды, гемодинамикалық бұзылыстарды тудырады, жүрек жеткіліксіздігіне және дене тіндерінде дегенеративті өзгерістерге әкеледі, - дейді ғылыми тілмен Надежда Гаенко. – Жүрек ақауларының негізгі белгілері – тері цианозы, жүрек шуы, жүрек жеткіліксіздігі. Біз туа біткен жүрек ақауларын анықтау үшін объективті, зертханалық және аспаптық әдістерді қолданамыз.

Дәрігер нәрестенің сыртқы түрін тексереді, терісін бағалайды, нәрестенің жүрек соғысы мен тыныс алуын санайды, аускультация жасайды, жүрек пен өкпені перкуссиялайды, іш мүшелерін, бауыр мен көкбауырды пальпациялайды. Өмірінің екінші немесе үшінші күні жаңа туған нәресте импульстік оксиметриядан өтеді – ол қанның оттегімен қанығу дәрежесін көрсетеді.

- Жаңа туған нәрестелердегі туа біткен жүрек ақауларына генетикалық, хромосомалық бейімділік және қоршаған орта факторларынан туындайды, - деп бөлісті неонатолог. – Тәуекел факторларына тұқым қуалаушылық, ананың жүктілік кезінде жұқтырған аурулары (қызамық, тұмау) және ата-ананың зиянды әдеттері: алкоголь, есірткіге шалдығу және темекі шегу жатады. Ананың жасы да маңызды рөл атқарады. Мысалы, 35 жастан асқан аналардың жүрек ақауы бар сәбиді өмірге әкелу қаупі айтарлықтай жоғары.

Мамандар нәрестеде жүрек ақауын анықтаса, орталыққа кардиологтар шақырылады. Олардың ұсыныстары негізінде кешенді тексеру жүргізіледі: эхокардиография, ЭКГ және МРТ, КТ жасалады. Кардиологиялық орталықтың педиатры Ерлан Ордабаевтың айтуынша, жаңа туған нәрестелерге кардиохирургия жасау өте күрделі, өйткені жүрек өте кішкентай.

- Перинаталдық орталықта бір айға толмаған балаларға ота жасалады, - деді Ерлан Ордабаев. – Биыл кардиологиялық орталықтың дәрігерлері перинаталдық орталықта үш ота жасады: шала туған нәрестелердің ашық түтіктерін байлау және кесу. Үшінші ота Астана жүрек орталығының маманымен бірлесе жасалды. Өкпе клапанының баллонды вальвулопластикасын жасадық.

Аурудың алдын алу үшін дәрігердің бақылауында болу, УДЗ және скринингтен өту, жаман әдеттерден бас тарту, салауатты өмір салтын сақтау, диетаны қадағалау, фолий қышқылының препараттарын қабылдау маңызды.