Павлодар облысына еліктердің жаппай миграциясы байқалуда
Алайда тұяқтылардың қырылу фактісі анықталмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде өңірдің Ресеймен шекара маңындағы аумақтарда еліктердің жаппай қырылып жатқаны туралы бейне тараған еді. Хабарламада жергілікті табиғат қорғау ведомствосы мұзды көлдердің бірінде жануарларды құтқару бойынша «күрделі және ауқымды операцияны» инспекторлар аңшылармен бірлесіп жүргізді деп мәлімдеген.
Алайда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Сәуле Мухансаликованың айтуынша, ведомстваға шекаралас аумақтарда еліктердің өлімі туралы ақпарат түскен жоқ.
– Қазіргі уақытта Железин ауданында Ресей Федерациясының Новосібір облысы жағынан жабайы еліктердің жаппай көшуі байқалуда. Аудан аумағына өткен жануарлар негізінен дәнді дақылдар мен күнбағыс алқаптарында кідіріп қалып жатыр. Уақтылы жиналмаған күнбағыс киіктер үшін табиғи панамен қатар қосымша қорек көзіне айналуда. Сонымен қатар, еліктердің миграциясы Успен және Тереңкөл аудандары бағытында да байқалуда, – деді ол.
Бұған дейін аймақ аумағында еліктердің мұндай жаппай миграциясы тіркелмеген. Әдетте маусымдық кезеңдерде тек жеке дара немесе шағын топтардың қозғалысы байқалатын. Мамандардың пайымдауынша, тұяқты жануарлардың орын ауыстыруына көбіне табиғи орта жағдайының өзгеруі, ауа райының құбылуы немесе табиғи қорек көздерінің тапшылығы әсер етуі мүмкін.
– Осы жағдайға байланысты аңшылық шаруашылық субъектілеріне жануарлардың қырылу фактілерін, олардың қиын жағдайға тап болуын немесе су айдындарында тұрып қалу жағдайларын анықтау мақсатында аумақтарды мониторингтен өткізу жөнінде хаттар жолданды, – деді Сәуле Мухансаликова.
Бүгінде орман қорғау қызметі мен аңшылық шаруашылықтарының аңшылары жануарларды қорғау шараларын күшейткен. Сондай-ақ қалыптасқан жағдайға байланысты сібір еліктерінің қосымша есебі жүргізілетін болады. Есептік деректерге сәйкес, өңірдегі еліктердің саны 4 800. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4 780 жануарды құрады.
Айта кетейік, еліктердің жаппай миграциясына орай ведомства орман қорғау мекемелері және аңшылық шаруашылықтарының аңшыларымен бірлесіп, жабайы жануарларды қорғау бағытында рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.