Павлодарда бес мыңға жуық бала мектепке бейімделу бағдарламасына қатысады

Павлодарда бес мыңға жуық бала мектепке бейімделу бағдарламасына қатысады
Константин Шелковтың фотосы

Балақайлар мектебі – баланың мектеп өміріне сәтті бейімделуіне алғашқы қадам, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жыл сайын жазғы кезеңде Павлодар қаласының мектептерінде ата-аналардың сұранысы мен балалардың қажеттіліктерін ескере отырып, «Балақайлар мектебі» бағдарламасы өткізіледі. Бұл бастама – балалардың мектепке баруға психологиялық, әлеуметтік және танымдық тұрғыда бейімделуіне бағытталған дайындық шараларының кешені.

– Бағдарлама маусым айында басталды. Бүгінгі күні 131 білім беру мекемесінде 1758 бала қамтылды. Оған 132 педагог сабақ жүргізуге тартылды, – деді облыстық білім басқармасында.

Шілде айында бағдарлама 31 мектепте жалғасын тауып, 200-ден астам бала білім алса, тамыз айында бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп, 367 білім беру ұйымында 4340 баланы қамту жоспарланып отыр.

– Балақайлар мектебі – бұл тек білім беру емес, сонымен қатар баланың мектепке деген қызығушылығын ояту, өзін сенімді сезінуіне жағдай жасау, – дейді басқармада. 

Ата-аналар бағдарламаға қатысты барлық сұрақтар бойынша тұрғылықты жері бойынша білім бөлімдеріне немесе жақын маңдағы мектептерге жүгіне алады.