ЖИ және жастарды кәсіпорындарға тарту: Ақсу электр станциясында өзекті мәселелер көтерілді

ЖИ және жастарды кәсіпорындарға тарту: Ақсу электр станциясында өзекті мәселелер көтерілді

Арнайы пікірсайыс кезінде жас энергетиктер проблемаларды батыл әрі ашық көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Энергетика» дивизионы активтерінің арасындағы станцияның 55 жылдығына арналған пікірсайыс турнирі «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы, ақтөбелік «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ ЖЭО, рудныйлық «ССГПО» АҚ ЖЭО және шымкенттік «3-Энергоорталық» АҚ жұмыскерлерінің қатысуымен өтті. Бұл корпорацияға жататын «Энергетика» дивизионы активтері арасындағы тұңғыш турнир болды.

Жас мамандарды тарту, жасанды интеллектің артықшылықтары мен кемшіліктері, емханалардағы ұзын-сонар кезек және басқа да өзекті тақырыптарда жүргізілген пікір алмасулар мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізілді. Әрбір бөлімдегі тартыстарға тәжірибелі дебатерлер төрелік етті.

Пікірсайыс турнирі қарсаңында қатысушыларға шешендік өнер, өз пікірін тыңдарманға жеткізу білу, ойыңды жинақтау білу бойынша дәріс берілді. Төрешілер тақырыптар ұсынып, қатысушылар жеребе тарту арқылы командаларға бөлініп, өз ұстанымдарын жеткізуге тырысып жатты. 

- Дебат америкалық парламенттік форматта өткізілді, әрбір спикерге бес минут уақыт берілді, - дейді төреші әрі Ә. Марғұлан атындағы ППУ студенті Гүлзат Әбдіқадыр. – Біз әдейі өзекті тақырыптарды таңдадық. Өйткені, жастардың ұсынған шешімдері мен идеяларын өмірде қолдануға болады. 

Емханалардағы кезектердің ұзақтығы мен медициналық кадрлардың тапшылығы бар екендігі ешкімге де құпия емес. Шымкенттік ЖЭО-3 кезекші электромонтері Дінмұхамед Есімбетов терапевтердің науқастарды қабылдайтын уақытын қатаң түрде шектеу керектігін ұсынды. Пікірсайыс кезінде дәрігер кезегінде тұрғандарға арналған арнайы мобильдік қосымша әзірлеудің идеясы туындады. Ол бойынша кез келген адам кезектің жылжу уақытын үйде отырып-ақ қадағалай алады. 

- Ойын өте қызықты өтті. Аязға қарамастан, Ақсудың жылы шырай танытып, қонақжайлылығы сезілді. Өзекті мәселелер көтеріліп, біздің ұсыныстарымыз пайдалы болады деп сенемін, - дейді Дінмұхамед Есімбетов.

Көрші секцияда жастарды энергетика, жалпы өндіріске тарту мәселесі көтерілді. Тәлімгерлер жұмысы, кәсіпорын имиджін жақсарту, онлайн рекрутинг, өндірістік тақырыптардағы жастар квиздерін ұйымдастыру туралы ойлар айтылды. 

- Ұсыныстардың біразын жүзеге асыруға әбден болады. Жұмыскерлер өз кәсіпорындарын жақсы біледі, оларды жақсартудың жолын дұрыс көрсете алады. Бір күні ішінде олар біздің берген сабақтарымызды жақсы сіңіріп, өз ойларын нақты жеткізе білуді үйренгендей. Біз өз тарапымыздан, энергетика саласындағы артықшылықтар мен проблемаларды қоғамға жеткізуге тырысамыз, - деді дебаттық турнир төрешісі, Ә. Марғұлан атындағы ППУ жанындағы «Ақиқат» клубының президенті Нұржамал Аллажарова. 

«Қазақстан алюминийі» АҚ ЖЭО жоспарлау жөніндегі инженері Анна Ешмекова, өз кезегінде, жастардың өндіріс орындарындағы артықшылықтарынан бейхабар екендігін алға тартты. Мысалы, жас отбасыларға арналған бағдарламалар, жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерінің білім алуға мүмкіндіктері бар екендігін жұртшылық біле бермейді. 

- Бірінші рет дебатқа қатысып отырмын. Ойын өте қызық, ерекше. Бір тақырып бірнеше тұстан қарастырылуы мүмкін. Оны тыңдағанның өзі қызық. Кейбір ұсыныстардың өмірде қолданылуына қаражат қажет. Енді біреулердің жүзеге асырылуына тіпті ақшаның қажеті жоқ. Меніңше, басшылық осы идеяларға құлақ асқаны жөн, - дейді Анна Ешмекова.

«ССГПО» АҚ ЖЭО сыртқы құрал-жабдықтарды жөндеу жөніндегі сарапшы Олег Шимовтың пікірінше, пікірсайыс жас жұмыскерлердің жан-жақты жетілуіне: шешендік өнерін шыңдап, өз ойын дұрыс жеткізе білуіне септігін тигізеді. Рудныйдан келген қонақ іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, қонақжайлық танытқан «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясына алғысын білдірді.

Суретке түсірген Болатбек Кәкім

Жарнамалық материал