Павлодарда борышын өтеп жатқан сарбаз: Наурызда көршімнің жанынан табылсам
6679 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мұрат Тілеужан мерзімді әскери қызметін аяқтаған соң, өз ауданында Наурыз мейрамын атап өтуіне белсене қатысуды армандайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтуынша, көршісінің жыл сайын ұлттық мерекені насихаттауға деген құлшынысы өткен жылы оның да бойына дарығандай. Семей қаласындағы «Дальняя» шағын ауданы тұрғындарының ұйымшылдығы өте жоғары болса керек. Темірден түйме түйетін көршісі мерекеге орай былтыр киіз үй құрап шығарған. Бір емес, төрт-бесеуі бес-алты күннің ішінде бірақ бой көтерген.
– Байырғыда қыстан есен шыққан бұқара тайлы-тұяқтың ауызы көкке жетіп, жаймашуақ күнге тап болғанын кеңінен тойлайтын. Ұлыстың ұлы күнінде ат шаптырып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасайтыны баршамызға аян. Міне, осы бір төл мерекеміз бүгінге дейін үзілмей, жалғасын тауып бізге де жетті, – дейді сарбаз.
Киіз үйдің қаңқасын дәнекерлеуге өзге де ағайын-жұрттың септігі тиген. Маңайдағы тігінші әпкелері темірден құрастырылған киіз үйлерге ою-өрнекпен көмкерілген мата жабындыларын алып келген. Шаһар шетіндегі тонның ішкі бауындай бірлігі жарасқан «Дальняя» ауданының тұрғындары қала орталығында дүркіреп өтіп жатқан салтанатты шараға бармай, Наурыз мерекесін өздері бөлек қарсы алады.
Көше арасында аударыспақ, арқан тартыс, гір тасын көтеруден сайыстар ұйымдастырып, тиісті жүлдеге ие болғандарға араларындағы қалтасы қалыңдары азын-аулақ сыйлықтар табыстайды. Наурыз көже де үлестіріліп, өнерлі жандар болса көрерменге концерттік бағдарламаларын ұсынады.
– Сол уақытта жүздері таныс аудан тұрғындары ұйымдастыратын шараны сондай бір керемет бола қоймас деп топшылап, орталық алаңға қарай бет алған едім. Алайда киіз үйге тек қана арнайы сарапшылардың кіруге құқығы бар екен. Санақта бар, санатта жоқ адамға айналып, ұлттық үйдің табалдырығын аттай алмаған мен үшін наурыз көже де таусылып қалыпты. Әрине, жиналған қалың нөпір үшін бір қазан көже не бопты, тәйірі. Сегіз ешкіге сексен теке қойған мерекеден титығым құрыған мен өз үйіме қайттым, – дейді ол.
Осылайша берекесі мен ынтымағы жарасқан өз ауласында өтіп жатқан наурыз тойға қайтып оралады. Сондықтан келесі наурыз мерекесінде міндетті түрде үйінен табылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге өз үлесін қосқысы келеді.
– Көршімнің жанынан табылып, осы бір мейрамды ұйымдастыруға бар күшімді салғым келеді. Ұлыстың ұлы күнін ішкі жан жүрегімізбен сезініп, қадыр-қасиетін түсініп, ізгі ниетпен қарсы алуға тырысайық. Ұлыс оң болсын ағайын! – дейді қатардағы жауынгер.
Еске сала кетейік, 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Наурыз Жәлел отбасы үшін Ұлыстың ұлы күні ерекше мереке екенін айтып өткен болатын.