Павлодарда мешіт қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренді
Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітте практикалық сабақ өткізу үшін қалалық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері арнайы барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету дағдыларын үйретуді мешіт қызметкерлерінің өздері «103» қызметінің мамандарынан сұраған. Орталық мешіттің имамдары мен техникалық қызметкерлеріне кардиологиялық және реанимациялық бригадалардың дәрігерлері – Сырым Құсайынов пен Әсет Жұмалинов сабақ өткізді.
– Мешіт – адамдар көп жиналатын орын, сондықтан мұнда дәрігерлер жеткенше алғашқы көмек көрсете білу өте маңызды. Адамға шұғыл көмек қажет болған жағдайда ең бастысы – саспау. Сабыр сақтап, дереу жедел жәрдем шақыру немесе біреуден шақыртуды сұрау қажет. Одан кейін жарақаттың немесе жағдайдың ерекшелігіне қарай тиісті шаралар қабылданады, – дейді Сырым Құсайынов.
Медицина қызметкерлері мешіт қызметкерлерін оқыту үшін жүрек-өкпе реанимациясын жасау дағдыларын жетілдіруге арналған арнайы манекендер алып келді. Сонымен қатар, тыңдаушыларға сүйек сынған, кесілген немесе күйген кезде қалай әрекет ету керектігі түсіндірілді, ал бөгде заттан тұншығуды жою үшін «Геймлих» тәсілін қолданудың ерекшеліктері көрсетілді.
Облыстық «103» станциясының ұжымы мешіт өкілдеріне бірнеше тонометр мен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жиынтықтарды табыстады. Дәрігерлер бұл заттарды қолжетімді жерлерге қоюды және біреудің өмірі немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда нұсқаулықтарды қатаң сақтауды ұсынды.