Павлодарда әйел SOS батырмасы арқылы мас адамды детоксикация орталығына жіберді
Биыл осы құрылғылар арқылы полицияға 60-тан астам өтініш келіп түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жедел басқару орталығына «102» мобильді қосымшасы арқылы бейнеқоңырау түсті. Әйел адам Павлов көшесіндегі «Весна» кафесінің маңында мас ер адамның адамдарға тиісе бастағанын хабарлады. Жедел басқару орталығының инспекторы ақпаратты дереу тіркеп, оқиға орнына автопатруль жіберді. Полиция қызметкерлері құқықбұзушыны уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталығына жеткізді.
Басқа жағдайда, қала тұрғыны Бектұров көшесіндегі ойын алаңында автокөлік заңсыз қойылғанын хабарлады. Павлодарлық азамат ұялы телефоны арқылы жағдайды тікелей эфирде операторға көрсетті. Диспетчер құқықбұзушылықты тіркеп, оқиға орнына автопатруль жіберді. Құқықбұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
– Полиция тұрғындарды егер мас жүргізушіні байқасаңыз, қылмыс немесе құқықбұзушылыққа куә болсаңыз немесе күдік тудырған адамды көрсеңіз, дереу хабар беруге шақырады. Мұндай құрылғылар азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінде.
Айта кетейік, қазіргі таңда шаһарда 20 SOS батырмасы жұмыс істейді.