Павлодар облысында мас жүргізуші ұсталды
Іске қатысты материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бір тәулікте әкімшілік полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидасын бұзудың 349 фактісін анықтап, мас күйінде көлік жүргізген алты жүргізушіні ұстаған. Олардың бірі көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған.
Оқиға шамамен сағат 22:10-де Екібастұздағы Заводская көшесінде болған. Патрульдік полиция ротасының экипажы жүру мәнері күдік тудырған ВАЗ-2115 автокөлігін тоқтатқан. Көлік жолда нақты емес, қауіпті маневрлер жасап, инспекторлардың назарын аударған. Автокөлік ішінде көлік иесінің өзі де отырған.
Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас екенін байқаған. Медициналық сараптама жүргізуші де, көлік иесі де есірткілік масаң күйде болғанын растады.
– Жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы жоқ екені анықталды. Жүргізуші мен көлік иесіне қатысты материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды. Еске саламыз: мас күйінде көлік басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнетін зор қауіп, – деді облыстық полиция департаментінде.
Полиция қызметкерлері профилактикалық рейдтерді жалғастыра отырып, жүргізушілерді заң мен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.