Павлодар облысында мал іздеуге шыққан әйел өлі күйінде табылды
Әйел адам үш күн бұрын жоғалған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 19 сәуір күні сағат 17:20-да жергілікті тұрғындар жоғалған Сәулегүл Тоқтарқожаның денесін тапқан.
- Әйел адам Бесқауға ауылынан 15 шақырым, жол бойынан 5 шақырым қашықтықта табылды, - деді департаментте.
Еске салайық, 16 сәуір күні сағат 22:10-да Екібастұз қаласына қарасты Бесқауға ауылында ерлі-зайыптылардың мал іздеуге кеткені туралы ақпарат түскен. Екеуі автокөлікті жолдың жиегіне қалдырып, қайтадан көліктің жанында кездесетін болып келісіп, әртүрлі бағытта жаяу кеткен. Күйеуі көлікке оралғанда жұбайы болмаған.
1989 жылы туған Сәулегүл Тоқтарқожаның 2013 және 2019 жылдары туған екі қызы бар.
Боран басталғанға дейін оны екі адам – көршісі және шаруа қожалықтарының бірінің басшысы көрген. Екеуі де оған жеткізіп салуды ұсынған, бірақ ауыл тұрғыны бас тартқан. Ол көліктің жанында күйеуі күтіп тұрғанын және өзі жететінін айтқан.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД, полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органның қызметкерлері мен техникалары, «VITA» іздеушілер жасағы, ауыл тұрғындары және өзге ауылдардан келген ерікті адамдар жұмылдырылды.
Фото: облыстық ТЖД және «VITA» іздеушілер жасағы