Павлодарлықтарға жергілікті суретшілердің есептік көрмесі ұсынылады

Павлодарлықтарға жергілікті суретшілердің есептік көрмесі ұсынылады
Фото: жасанды интеллект

Тәжірибелі шеберлердің еңбектерімен қатар, жас суретшілердің де шығармалары көрерменге жол тартады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейі қала тұрғындары мен қонақтарын 11 желтоқсан күні сағат 16:00-де өтетін «Жұлдызды палитра» есептік көрмесінің ашылуына шақырады.

Көрме павлодарлық кескіндеме шеберлерінің – Қазақстан Суретшілер одағының мүшелерінің, сондай-ақ суретші-педагогтардың шығармаларын біріктіреді. Экспозицияда жергілікті өнер иелерінің шығармашылық ізденістерінің кең ауқымы қамтылады. Атап айтқанда: дәстүрлі кескіндеме үлгілерімен қатар қазақстандық көркемсурет мектебінің байлығын аша түсетін заманауи авторлық жұмыстар да ұсынылады.

Іс-шара өткен жылдың шығармашылық қорытындыларын жасап, жаңа туындыларды көпшілік назарына ұсыну және ұрпақтар сабақтастығын көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Тәжірибелі шеберлердің еңбектерімен қатар қаладағы көркемдік білім беруді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген жас суретшілердің де шығармалары көрерменге жол тартады.