Шетелдіктер павлодарлық хирургтарға сенім білдіруде
Өңірде медициналық көмек әлемдік стандарттарға сай көрсетілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысына шетел азаматтары жоғары білікті медициналық көмек алу үшін жиі келе бастады.
Өткен жылы Павлодар қалалық №1 ауруханасында Германия, Испания және Ресейден келген азаматтар сәтті емделді. Германия мен Испаниядан келген екі пациентке кешенді тексеру жүргізіліп, тоқ ішек ісіктері анықталды. Оларға хирургиялық тіліксіз, аз инвазивті эндоскопиялық операциялар жасалып, қабынулар алынып тасталды.
Ресейлік екі пациентке эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатография (ЭРХПГ), эндоскопиялық папиллосфинктеротомия (ЭПСТ) жасалып, өт жолдарындағы тастар алынды. Барлық операциялар эндоскопиялық әдіспен орындалды.
– Біздің мамандар жоғары білікті, ал жабдықтарымыз заманауи. Сондықтан медициналық туризмді өңірімізде және Қазақстанда дамыту өте маңызды, – дейді №1 қалалық аурухана қызметкерлері.
Шетелдік пациенттер павлодарлық дәрігерлерді Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы туыстарының ұсынысымен таңдаған. Себебі шетелде осындай қызметтер айтарлықтай қымбат. Барлық емдеу ақылы түрде жүргізілді. Мысалы, ісікті алып тастау операциясының құны шамамен 250 мың теңге болса, ЭРХПГ және ЭПСТ 600 мың теңгені құрады. Ал МӘМС жүйесінде сақтандырылған қазақстандықтарға бұл қызметтер тегін көрсетіледі.
№1 қалалық аурухананың эндоскопия бөлімі – облыста мұндай операциялардың толық спектрі қолжетімді жалғыз орын. Мұнда кардияның босаңсуын, Ценкер бүйірқалтасын емдеу, әртүрлі диссекция түрлерін, ЭРХПГ, ЭПСТ, холедохолитэкстракция, өт жолдарын, өңешті, аш ішек және тоқ ішекті стенттеу сияқты күрделі процедуралар жүргізіледі.