Павлодарда дәрігерлерге арналған жатақхананың құрылысы қашан аяқталады?

Павлодарда дәрігерлерге арналған жатақхананың құрылысы қашан аяқталады?

Қазіргі таңда дәрігерлер мен студенттерге арналған жатақхананың үш қабатында жұмыс толық аяқталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz 

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыстық құрылыс басқарамасының басшысы Қадылжан Сәтиев мәлім етті. 

Жатақхана ғимаратында ішкі жұмыстар жүргізілді. Дегенмен бірінші және екінші қабаттағы бөлмелердің босатылмауына байланысты нысанды пайдалануға беру мерзімін кешіктіру қаупі бар, – дейді Қадылжан Сәтиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың сөзінше, бірінші және екінші қабат 10 шілдеге қарай босатылғаннан кейін тиісті жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. 

Бүгінде дәрігерлерге арнаған жатақхананың үшінші, төртінші, бесінші қабаттарында жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған екі қабатты қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Асайын Байханов бұл жұмыстардың ұзаққа созылып кеткенін айтып, мердігерлердің тездетуін талап етті. 

Бұл ғимаратқа қатысты технология тарапынан еш қиындық жоқ. Сондықтан жатақхананың құрылысын 1 қазанға дейін аяқтайтындай мүмкіндік бар, – деп облыс әкімі ғимаратты толық әрі сапалы түрде аяқтауды тапсырды. 

Сондай-ақ, жиын барысында қалалық № 1 емханаға реконструкция  жұмыстарын жүргізу жайлы сөз қозғалды. 

Медициналық жабдықтардың бірінші бөлігі шілде айында келді, тамыз айында таза бөлме кешені жеткізіледі. Қазіргі таңда монтаждық жұмыстар жүріп жатыр, – дейді Қадылжан Сәтиев. 

Оның айтуынша, ауруханадағы қайта жаңарту жұмыстары келесі жылдың ақпан айында аяқталады. 

Айта кетейік, Иса Байзақов 151/2 көшесінде дәрігерлер мен студенттерге арналған жатақхана салынуда. Ғимаратта оқу сыныптары, тренажер залы, кітапхана, кір жуатын орын және т.б  бар.

Фото: Константин Шелков