Қытай биатлонының қола медалі Павлодарға жеткізілді

Қытай биатлонының қола медалі Павлодарға жеткізілді

Харбиндегі Қысқы Азия ойындарының жүлдегері Дарья Климина медальмен оралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық биатлоншыны әуежайда туған-туыстары, жақындары, Павлодар спортының басшылығы және бас жаттықтырушы қарсы алды.

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әлем кубогының кезеңдеріне қатысатын лайықты қарсыластармен бақ сынасып, туымызды биікке көтеруге тырыстық. Бұл нәтижеден де жақсы өнер көрсеткім келді, алайда әттеген-ай болды, – дейді Дарья Климина. 

Биатлоншы маусым әлі аяқталмағанын, алда спартакиада күтіп тұрғанын айтып, демалуға әлі ерте екенін жеткізді.

Аға жаттықтырушы Николай Выдриннің айтуынша, бұл жарыстарда Дарья өзін-өзі жеңгенін, өйткені ол екі жыл декретте отырғанына байланысты халықаралық старттарға қатыса алмағанын атап өтті. 

– Біз ұлттық құрамада дайындала алмадық, өзіміз жаттығып, іріктеліп, Азия ойындарына бардық, – деді Николай Выдрин. – Дарья – өте күшті ерік-жігері бар спортшы. Әрине, басында толқу болды, бірақ екінші жарыста ол өзін қолға алды. Оған эстафетаны Азия ойындарының чемпионынан 30 секунд артта қалып берді, бірақ ол оны қуып жетті. 

Жаттықтырушы, егер ұйымдастырушылар спринт пен эстафетаға дейін қысқартпай, толық бағдарламаны қалдырса, тәрбиеленушісінің «алтынды» алуға күші жететініне сенімді.

–  Жақында Усолкада пневматикалық мылтықтарды қолдана отырып, биатлоннан жасөспірімдер чемпионаты өтеді. Осы форматтың ерекшеліктеріне қарамастан, жарыс негізгі старттарға барынша жақын болады, –  деді жаттықтырушы. –  Дарья балаларға биатлон туралы айтып қана қоймай, спортты танымал етуге көмектеседі деп ойлаймын. Ол жас қатысушылармен қуана тілдесіп, олардың сұрақтарына жауап береді, ақыл айтады және әрқайсысына қолдау көрсетеді. 

Тәлімгердің пікірінше, жас спортшылар үлкен спортқа жақын адамнан спорттық тәжірибе мен мотивация алады, бұл – Қазақстанда және біздің облыста биатлонды дамытудағы маңызды қадам.

Естеріңізге сала кетейік, павлодарлық биатлоншы Дарья Климина басқа қазақстандықтар Ольга Полторанина, Марина Крюкова және Елизавета Белецкаямен бірге Харбиндегі ІХ Қысқы Азия ойындарында 4х6 км эстафетада қола медаль жеңіп алды. Спортшылар мәре сызығын 1:30:01.9 есебімен кесіп өтті.

Бұған дейін павлодарлық Роман Иванов Шерзод Хаширбаевпен бірге фристайлда алтын медаль жеңіп алған болатын.