Павлодарда «Бір тамшы қан сыйлаңыз – өмірді сақтаңыз» акциясы басталды

Қан тапсырып, байқау шарттарын орындаған қатысушылар жүлделер ұтып ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дүниежүзілік қан доноры күніне орай 19 мамыры мен 9 маусымы аралығында облыстық Қан орталығы «Бір тамшы қан сыйлаңыз – өмірді сақтаңыз» атты қайырымдылық акциясын өткізуде.
Бұл шара ерікті қан тапсыру мәдениетін дамыту және адам өмірін сақтауға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Акцияға қатысқан донорлар арнайы алғыс хатпен марапатталады.
– Қатысу үшін 19 мамыр мен 9 маусым аралығында қан немесе тромбоцит тапсырып, Instagram желісінде @centr_krovi_pavlodar парақшасындағы байқау жазбасын бөлісіп, «Жүр, қан тапсырайық!» деп жазып, бес досыңызды белгілеу қажет. Қатысушының парақшасы акция соңына дейін ашық болуы тиіс, – деді облыстық Қан орталығының баспасөз қызметі.
Қан тапсыру Естай көшесі, 79 мекенжайындағы Қан орталығында немесе көшпелі қабылдау шараларында жүзеге асырылады.
Акция қорытындысы 10 маусымда жарияланады. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды өмір сыйлауға және игі іске үлес қосуға шақырады.