Павлодарда Домбыра күні дүниеге келген сәбиге домбыра сыйға тартылды

Павлодарда Домбыра күні дүниеге келген сәбиге домбыра сыйға тартылды
Фото: автор

Шара Аналар кеңесінің өткен жылы бастау алған «Айналайын» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилованың бастамасымен Домбыра күніне орай облыстық перинаталдық орталықта ерекше ізгі шара өтті.

Кеңес мүшелері өмірге жаңа келген Айша есімді сәбиге ұлттық мұрамыздың символы – домбыраны тарту етті. Сәбидің анасы Аймира Юсупованы айтулы қуанышымен құттықтап, деніне саулық, қызының аман-есен өсуіне тілектестік білдірді.

Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова сәбидің дәл Домбыра күні дүниеге келуінің ерекше мәні бар екенін атап өтті.

– Домбыра – ата-бабадан мирас болып келе жатқан асыл қазына, ұрпақтар арасын жалғайтын рухани көпір. Осындай қасиетті күні дүниеге келген Айшаның өмір жолы да ұлттық құндылықтармен сабақтас болсын деген ниетпен оған домбыра сыйладық, – деді ол.

Домбыра «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі, демеуші Анар Жұрағатқызының қолдауымен сатып алынды. Ол да жас ананы құттықтап, Аймираға тезірек сауығып кетуін, ал кішкентай Айшаға елін сүйетін, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосатын саналы азамат болып өсуін тіледі.

Шара Аналар кеңесінің өткен жылы бастау алған «Айналайын» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына салт-дәстүрге деген құрметті сәби кезінен сіңіруді мақсат етеді.

Айта кетейік, 6 шілде күні Павлодардағы Достық үйінде былтыр Домбыра күні құттықталған балалардың бір жасқа толуына арналған «тұсаукесер» рәсімі өтеді. Биылғы мерекеде былтыр домбыра сыйға тартылған Мирон мен Ақжүністің тұсауы салтанатты түрде кесіледі.

Осындай игі бастамалар арқылы Аналар кеңесі ұлттық мұраны ұлықтап қана қоймай, жас отбасыларға қолдау көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға өз үлесін қосып келеді.