Павлодарда екі ақынның өлеңдерін жатқа айтқан студенттер планшеттер алды

Павлодарда екі ақынның өлеңдерін жатқа айтқан студенттер планшеттер алды
Фото: Бұқар жырау музейі

«Жырлайды жүрек» атты қалалық көркемсөз оқу байқауына 20-ға жуық студент қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. 

Шара ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шолпан Байғалықызының 75 жылдық және ақын, жазушы, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлының 80 жылдық мерейтойына арналды. 

– Аталмыш додаға колледж және университеттерден қатысқан студенттердің ішінен бесеуі іріктеуден сүрінбей өтіп,  финалдық кезеңде бақ сынады. Жастар бірінші кезеңде Шолпан Байғалықызының өлеңдерін жатқа айтып жарысса, екінші кезеңде Ақын Алақанұлының прозалық шығармасынан жатқа үзінді оқыды, – дейді музей қызметкері Жанболат Абайхан. 

Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі үшінші орынды Бейсен Ахметов жоғары колледжінің студенті Қарақат Қартбай иеленсе, екінші орын осы колледждің студенті Қарақат Тілеубердіге бұйырды. Байқауда оқу мәнерімен көзге түскен Торайғыров университетінің студенті Сандуғаш Адамбек жеңімпаз атанды. 

Үшінші орынға Шолпан Байғалықызы мен Ақын Алақанұлының кітаптары берілді. Екінші орынға планшет татру етілсе, бірінші орынға планшет пен ақындардың кітаптары табысталды.