Павлодарда экологиялық ең таза көлік қалай жұмыс істейді?
Трамвайларға үнемі техникалық қызмет көрсетіледі, жөнделеді және боялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Д. Д. Махмудов атындағы трамвай басқармасына барды. Оларды басқарма төрағасы Муслим Махмудов қарсы алды.
– Трамвай паркінде 110 жолаушылар трамвайы бар, күн сайын желіге 80-ге дейін трамвай шығарылады. Тәулік сайын трамвайлармен 50 мың тұрғын жүреді. Ең сенімді және нақты уақытпен жүретін көліктің артында трамвай басқармасы қызметкерлерінің өте күрделі жұмысы тұрғанын көпшілік ойлай қоймайды, – деді Муслим Махмудов.
Кәсіпорында трамвай жүргізушілерінен басқа токарьлар, слесарьлар, медицина қызметкерлері, тігіншілер және басқа да қызметкерлер жұмыс істейді. Жыл сайын кәсіпорын базасында трамвай жүргізушілерін даярлау, слесарларьдың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі, оқу кабинеті бар.
Депода бақылау шұңқырлары, токарлық, темір ұстасы және слесарлық цехтар бар. Қызметкерлердің жұмысы мен демалысы үшін барлық жағдайлар жасалған. Асхана, душ, спортзал, амбулатория қарастырылған.
Соңғы жылдары жалақы айтарлықтай өскен. Орташа жалақы 400 мың теңгені құрайды.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов облыс кәсіпорындарында қызметкерлердің 8-10-сыныптарда оқитын балалары үшін бірыңғай Ашық есік күнін өткізуді ұсынды.