Павлодарда бірнеше жолдың асфальт жамылғысы толығымен жаңартылды

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Қамзин көшесіндегі жұмыстарды тексерді, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нұрмағамбетов көшесінен Малайсары батыр көшесіне дейінгі бөлігінде асфальттау жұмыстары аяқталды. Жаңа жиектастар орнатылып, асфальт жамылғысы толығымен жаңартылды.
– Бүгінде жұмыстар Ладожская көшесінен Қазправда көшесіне дейінгі бөлікте жүріп жатыр. Бұл учаскедегі негізгі жұмыстарды 15 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, Малайсары батыр көшесінен Циолковский көшесіне дейінгі жол бөлігіне асфальт төсеуді дренаждық жүйенің құрылысы аяқталғаннан кейін бірден бастайды. Жоба маңызды болып есептеледі, себебі жыл сайын жерасты суларының салдарынан жол жамылғысы бұзылады.
Қала әкімі тиісті қызметтерге жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.