Павлодарда энергетиктер трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңартуды бастады

Павлодарда энергетиктер трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңартуды бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар тұтынушыларды жарықтан ажыратпай, ескі жабдықтарды ауыстырып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

17 сәуір күні қалалық электр желілерінің мамандары №501 трансформаторлық қосалқы станциясындағы жабдықтарды сәтті ауыстырды. 

Жөндеу кезінде павлодарлықтар жарықсыз қалған жоқ, себебі энергетиктер тұтынушыларды алдын ала резервтік желілерге қосты. Жұмыс барысында ақауы бар трансформатор демонтаждалып, орнына күрделі жөндеуден өткен жаңартылған қондырғы орнатылды, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі.

Биыл қалалық электр желілері кәсіпорнында ауқымды жөндеу науқаны жоспарланған. Мамандар тоғыз шақырымға жуық жоғары вольтты әуе желілерін және 70 шақырымнан астам 0,4 кВ желілерін ретке келтіруді көздеп отыр. Сонымен қатар 187 трансформаторлық қосалқы станция мен 20 шақырымнан астам кабельдік желілер жөнделеді.

«ПРЭК» АҚ қалалық электр желілері кәсіпорнының директоры Олег Клочковтың айтуынша, бұл шаралар қала тұрғындарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қажет. Ол жоспарлы жөндеу жұмыстары жабдықтардың сенімділігін арттырып, оларды жұмыс күйінде ұстауға мүмкіндік беретінін жеткізді.