Павлодарда ERG қызметкерлері жаңа пәтерлерге ие болды
Бір мезетте 140-қа жуық қызметкерге жаңа пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда жаңа жыл қарсаңында Павлодар алюминий зауытының 140-қа жуық қызметкері жаңа пәтердің кілтін алды. Кілттерді табыстау салтанаты металлургтер, машина жасаушылар, слесарьлар, аспаздар мен инженер-техник қызметкерлері үшін тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар компанияның өз қызметкерлерінің өмір сүру жағдайларын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысының айқын дәлелі болды.
– Бұл «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлері үшін салынған кезекті тұрғын үй. Бізде 2006 жылдан бастап тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Павлодар қаласында 30 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді Павлодар алюминий зауытының директоры Айтуған Ахметов. – Бүгін кілттерді тек біздің зауыт пен «Қазақстан алюминийі» АҚ Электр станциясының ғана емес, сонымен қатар Павлодар машина жасау зауыты «ERG Service» ЖШС мен қаладағы басқа да ERG компаниялары мен ұйымдарының қызметкерлері алды.

Айтуған Ахметов құрылысшыларға, мердігерлерге және серіктестерге – «Отбасы банкі» облыстық филиалының басшылығына – Жаңа жылға дейін кілт табыстау мүмкін болғаны үшін алғысын білдірді. Осылайша, мереке қос қуанышпен келді – жаңа пәтер және Жаңа жылдық тосынсый. Үй компанияның корпоративтік түстерімен әрленген, бұл оны айналадағы құрылыстардан ерекшелендіріп, көрік береді.
– Үйде 144 пәтер бар, оның 80 пайызы екі бөлмелі, тоғыз пәтер – бір бөлмелі, ал 18 пәтер – үш бөлмелі, – деп атап өтті Павлодар алюминий зауытының директоры. – Бұған дейін біз 107 пәтерлік үйді пайдалануға бергенбіз. Басшылық ERG қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасын әрі қарай жалғастыратын болады.

Үйдің ішкі әрлеу жұмыстары мен инженерлік жүйелерінен бөлек, құрылыс барысында болашақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар аударылды. Қолжетімді орта құру, аула аумағын абаттандыру секілді мәселелер де ескерілді.
– Тоғыз қабатты, жалпы ауданы тоғыз мың шаршы метрлік бұл ғимаратты біз дайын қаңқасы мен іргетасымен қабылдадық. Бізге ішкі әрлеу және қалпына келтіру жұмыстары қалды. Құрылыс шығындарын оңтайландырып, бір шаршы метрдің өзіндік құнын барынша төмендетуге тырыстық, бірақ сонымен қатар сапаға зиян келтірмеуге бар күшімізді салдық, – деп сендірді «Қазақстан алюминийі» АҚ күрделі жобалар басқармасының басшысы Сергей Викулов.
Үй қыста жылы, жазда салқын болып шықты. Қасбеті жаңбырға, ылғал мен басқа да ауа райы жағдайларына төзімді силикат сылақпен қапталған және минералды мақта плиталарымен жылытылған.
– Үйдің барлық едендері линолеуммен жабылған, қабырғалары тегістеліп, жуылатын төзімді қоспалармен өңделген, төбелері керме төбе. Үй толығымен дайын, санитарлық тораптар толық жабдықталған. Ыстық су, жылу – барлығы бар. Тұрғындарға тек үй-жайына орналасу ғана қалады. Мердігерлік келісімшартқа сәйкес үйге екі жылдық кепілдік беріледі.

Үйде өрт дабыл жүйесі орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар орнатылған, баспалдақпен көтерілуге арналған арнайы автоматтандырылған құрылғы сатып алынған. Аула кеңістігі барынша ойластырылып абаттандырылған. Балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында аулаға кіреберістерге шлагбаумдар қойылған – бұл оларды көлік астына түсіп қалу қаупінен қорғайды. Қалған автотұрақ орындары ашық, жолақтар тұрғындармен бірлесе отырып белгіленетін болады.

Жұмысшылар үшін бұл жаңа үй маңызды өмірлік кезеңге айналды және ертеңгі күнге деген сенімді шынайы сезінуге мүмкіндік берді. Солардың бірі – Павлодар алюминий зауытының аппаратшы-гидрометаллургі Никита Супис. Ол пәтер алу кезегіне шамамен алты ай бұрын тұрғанын айтып, нәтижесінде өз иелігіне екі бөлмелі пәтер алғанын қуана жеткізді.
– Мен өзім Спутник ауылынанмын. Жеті жыл бойы пәтер жалдап тұрдым. Үй кезегіне құжаттардың барлығын жинап, талаптардан өттім. «Бір күні менің де кезегім келеді» деп ойлайтынмын. Сол күн бүгін туды. Мен қалған 50 пайызды жинағанша, пәтер жалдамалы болып есептеледі. Кейін мен ипотекалық құжаттар рәсімдейтін боламын, – деді ол.
Жас маман зауыттағы әлеуметтік жағдайға да жоғары баға берді.
– Зауытта әлеуметтік пакет өте жақсы: медициналық сақтандыру, спортзал, демалыс бағдарламалары бар. Кәсіподақ ұйымының қолдауымен Алматыда өткен жарысқа қатысып, Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым,– деді ол.

Жаңа тұрғын үй қаланың ең қолайлы аудандарының бірінде орналасқан. Инфрақұрылымы дамыған, өмір сүруге қолайлы шағын аудан ретінде ерекшеленеді.
Жаңа қоныстанушылар үшін бұл үй – тұрақтылық пен жаңа мүмкіндіктердің символына айналса, кәсіпорындар үшін – олардың басты құндылығы болып саналатын адамдарға деген әлеуметтік жауапкершілік пен қамқорлықтың айғағы. Су жаңа баспанының пайдалануға берілуі ERG кәсіпорындарының өз қызметкерлерін тек тұрақты жұмыспен, кәсіби өсу мен өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар жайлы өмір сүруге жағдай жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.