Павлодарда қызмет көрсету өкілдері қазақ тілін тегін үйренуде
Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл наурыз айынан басынан бастап облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up» жобасы жүзеге асырылуда. Курстың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету және қызметкерлерді күнделікті өмірде қазақ тілін қолдануға ынталандыру.
— Аталған жоба бойынша 2023 жылдың соңына дейін 150 қызмет көрсету өкілін қазақ тіліне оқыту жоспарланған. Бүгінгі күні жобаға Павлодар қаласы трамвай басқармасының кондуторлары мен «Дом Оптики» орталығының өкілдері, барлығы 45 маман қатысуда. Сабақтар ситуациялық режимде өтеді. Оқу кезінде тыңдаушылар өз қызметіне қатысты қажетті сөздік минимумды меңгереді, — дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетерлігі, өңірімізде тіл саясаты ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жыл сайын барлық санаттағы азаматтар үшін қазақ тілін тегін оқыту курстары өткізіледі. Аталған курстарға жазылып, қосымша мәлімет алу үшін 61-84-88 байланыс телефонына хабарласуға болады.