Терезеден құлағалы тұрған баланы құтқарған павлодарлық марапатталды

Оған екі Алғыс хат табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ТЖ департаменті Мадина Ибраеваны марапаттады. Оның немқұрайлы қарамауы терезеден құлап кете жаздаған қызды құтқаруға көмектесті.
– Төртінші қабаттың терезесінен шыққан баланы байқаған Мадина абдырап қалмады, жағдайды бірден бағалап, 112 нөмірі бойынша құтқару қызметіне қоңырау шалды. Құтқарушылар келгенге дейін ол қыз баланы әңгімеге тартып, уақытты созуға көмектесті, – деді департаментте.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері жедел әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Баланың өміріне ешқандай қауіп жоқ.
ТЖД бастығы Рустамбек Амрин салтанатты түрде Мадина Ибраеваға алғыс хат беріп, оның әрекеті қарапайым адамдардың жылдам реакциясы қайғылы жағдайдың алдын алуда шешуші факторға айналуының мысалы екенін атап өтті.
Екінші алғыс хатты бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова табыс етті. Ол павлодарлық тұрғынға қырағылық пен немқұрайлылық танытпағаны үшін алғыс айтты.