Павлодарлықтар ағылшын тілінде еркін сөйлесуді тегін үйренеді

Курсқа 90 адам қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Ержан Төкеновтің айтуынша, ағылшын тілі оқыту курсы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес ұйымдастырылады.
– Курс 80 сағаттық бағдарламаны қамтиды.15 адамнан құралатын алты топ 1-2 ай көлемінде аптасына екі рет сабаққа барады. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі күні адам саны толық жинақталды,– деді ол.
Шараның мақсаты – ағылшын тілінде дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыру, сонымен қатар, лексикалық нормаларын үйрету.
Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдер құрастыруды, өзінің қайда тұратыны, жұмысы мен өзіне таныс адамдар туралы сөйлемдерді құрастыруды үйренетін болады.
Курстарды «Ана тілі» орталығы ұйымдастырады. Ол қалалық саябақтың жанындағы Желтоқсан көшесі, 129-үйдегі ғимаратта орналасқан.
– Курс тыңдаушыларының көбі – 18 жастан асқан, жұмыс істейтін азаматтар. Сондықтан біреулер таңертең, біреулер түсте келуі мүмкін. Бұл мәселені мұғалімдер ыңғайластырады,– дейді Ержан Төкенов.
Бұл жерде тек ағылшын тілі емес, қазақ тілі де үйретіледі. Жылдың басынан бері қазақ тілі курстары өткізіліп жатыр. Курстың соңында тыңдаушылар емтихан тапсырып, сертификаттар табысталатын болады.