Павлодар облысында тоғыз мыңға жуық жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған
Полицейлер көліктегі жолаушылардың қауіпсіздігіне де жүргізуші жауапты екенін ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған тоғыз мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осындай құқықбұзушылықтардың бірі Павлодар қаласында тіркелді.
– Сәтбаев көшесінде полицейлер Toyota маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталып, оған қатысты әкімшілік шара қолданылды, – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары жолға шығар алдында жүргізуші ғана емес, көліктегі барлық жолаушы қауіпсіздік белдігін тағуы қажет екенін еске салды.
Полицияның түсіндіруінше, жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпауына қатысты жауапкершілік жүргізушіге жүктеледі. Егер жолаушы белдік тағудан бас тартса, айыппұл көлік жүргізушісіне салынады.
Балаларды тасымалдау кезінде де қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Оларды арнайы автокресломен немесе жасына және дене бітіміне сәйкес келетін ұстап тұру құрылғыларымен қамтамасыз ету қажет.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және сапарға шығар алдында барлық жолаушының қауіпсіздігіне көз жеткізуге шақырды.