Павлодарда көршілер арасындағы жанжалға нүкте қойылды

Павлодарда көршілер арасындағы жанжалға нүкте қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әйелдің көршісіне сес көрсетуі жүйелі түрде жалғасып отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының тұрғыны көршісінің үнемі жанжал шығарып, қорқыту сипатындағы сөздер айтқанына орай полицияға шағымданған. Оның айтуынша, құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтату туралы бірнеше рет ескерту жасалғанымен, көршісі талаптарға құлақ аспаған.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Бақытжан Тұрсаринова мен учаскелік полиция инспекторы Ерғанат Қакенов оқиға бойынша куәлардан жауап алып, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеген. Сондай-ақ құқық бұзушы әйелдің ұзақ уақыт бойы үйінде болмағанына байланысты оның тұрғылықты жерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. 

Нәтижесінде қоғамдық тәртіпті бұзған азаматшаға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылды.

Тұрғын полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетіне ризашылығын білдірді.

– Көмектеріңіз бен осындай жедел әрекет еткендеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Енді отбасымыз өзімізді заңның сенімді қорғауында сезінеді. Кәсібиліктеріңізге, адамгершілік қарым-қатынастарыңызға және балаларымды қорғағандарыңызға мың алғыс. Мен тағы бір мәрте полиция қызметкерлерінің сенімді тірек екеніне көз жеткіздім, – деді ол.

Полиция азаматтарды қудалау немесе қорқыту белгілеріне бей-жай қарамай, мұндай жағдайларда дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады. Мамандардың айтуынша, ерте әрекет ету жанжалдың ушығуына жол бермей, ықтимал жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қоғамдық тәртіптің бұзылуына тап болған азаматтар «102» арнасы, Police 102 мобильді қосымшасы немесе Павлодар облысы полиция департаментінің Instagram парақшасындағы Direct қызметі арқылы хабарласа алады.